ЖАЛПЫ АҚПАРАТ

Қазақ диаспорасының қалыптасып, дамуына қатысты саяси себептер

18 ғ-дағы жоңғар-қазақ соғыстары, қазақтардың Ресей үстемдігіне қарсы 18 – 19 ғ-лардағы ұлт-азаттық көтерілістері мен соғыстары, патшалық билік барысында Қазақстанда Столыпиннің агр. саясаты, Орт. Азия мен Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, елде кеңес өкіметінің орнауы және азамат соғысы, ұжымдастыру кезеңінде қазақтарға қатысты жүргізілген геноцидтік саясат. Шығыс Түркістандағы (Шыңжаңдағы) қазақтардың қытай өкімет орындарына қарсы ұлт-азаттық күресі, 2-дүниежүз. соғыс; экон. себептер: Ресейге қосылғаннан кейін және кеңестік ұжымдастыру кезеңінде Қазақстанда шаруашылық жүргізудің дәстүрлі көшпелі жүйесінің күйреуі, 1960 – 1990 ж. Батыс Еуропа мен Америка елдеріне еңбек көші-қоны, кеңестік жүйе күйрегеннен кейін нарықтық қатынастарға көшу жағдайындағы өтпелі кезеңде Қазақстан экономикасындаорын алған уақытша тұрақсыздық; діни себептер: патшалық және кеңестік билік кезеңдерінде мұсылмандардың тауап ететін қасиетті жерлері болып саналатын Мекке мен Мединеғе діндарлардың хажылық сапарменбаруының қиындауы, әсіресе, кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңдерінде дін басыларының: имам, қожа, молда, ишандардың, тақуа діндарлардың қуғынға ұшыратылуы, дін жолын ұстаушылардың, тіпті дінге сенушілердің қыспаққа алынуы.

Қазақ диаспорасының ата жұрттан ығысып сыртқа ауа бастаған тарихи ұзақ ағыны “ақтабан шұбырынды“ кезіндегі жаугершілік-шапқыншылықтан басталды. 1723 ж. солт.-шығыстан баса-көктеп кірген жоңғар шапқыншылығынан шегінген бейбіт көшпенді шұбырындылар оңт.-батысқа қарай ауып, қазіргі Орта Азия жеріне тереңдей енуге мәжбүр болды. Шапқыншылықтан қатты күйзелген қазақтың шашырап және өзара араласып кеткен ру-тайпалары Ташкент маңында жасанды құрамалар түрінде қайта құрылып, сол аймақтарда қалып қойған. Бүгінде құрамалар қазақ-өзбек арасында қалған ирредент-маргиналдар болып саналады. Олардың өмір тіршілігі аз зерттелген. Тамды аймағында, Мырзашөлде, Шыршық бойында қазақтар ежелден-ақ тұрып келген. Қ. д-ның әрі қарай кең жайылуына отаршылдық тікелей әсер етті. Алдымен, Еділ менЖайықтың жағасынан, кейін Есіл мен Тобылдың бойынан және Ертіс өңірінен зорлықпен қуылып, сарытабан сүргін болған көшпенді қазақ тайпалары солт.-батыстан оңт.-шығысқа қарай жөңкіле көшкен. Отаршылдық тудырған үркіншілік кезеңі шамамен 1650 жылдан 1916 жылға дейін жалғасып келді. Қытай мен Моңғолияға қарай қазақ жұртының үркіншілігі, әсіресе, азамат соғысы жылдары кең өріс алды. Саясаттан бейтарап момын халық шетке қарай ақ гвардия шылар келгенде бір ығысса, қызыл әскерлер келгенде тағы жөңкілді. Алты жылға созылған (1916 – 21) ұлт-азаттық көтерілісі мен азамат соғысы жылдарында ата мекенінен 200 мың адам көшіп кеткен. Ал кеңестік дәуірдегі әміршілдіктен туған асыра сілтеу жылдары (1930 – 1934) 1,9 млн. қазақ шет жұртқа үдере көшті. Ирандағы қазақтар қазіргі Маңғыстаудан ауып келсе, Моңғолиядағы қазақтардың соңғы көші Сібірге барып паналағандар. Қазақстанның солт-нде қызылтабан болған қазақ жұрты екінші рет бас сауғалап Қытайға бет алған. Қызыл қырғыннан қашқан қазақтардың ұрпақтары сондай-ақ Қарақалпақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстанға, Иран мен Ауғанстанға ауып барған. Қазақстан дүниежүз. қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі болып отырған қазіргі жағдайда Қазақ диаспорасының, ҚР-мен біздің отандастарымыз мекендейтін елдердің өзара қатынастары мен байланыс мәселелері мемлекетаралық деңгейде өткір қойылып отыр. Қазақ диаспорасы біздің мемлекетіміздің қазақтар тұратын елдермен сыртқы саясатының маңызды бөлігіне айналды. Қазақстанда “Халықтың көші-қоны туралы заң” (1999) қабылданып, шет аймақтардағы қандастарымыздың ата жұртына – тарихи Отанына көшіп келу үрдісін реттеу ісі қолға алынды.

Шетелдерде қазақ диаспорасының қалыптасуы

Жаңа заманда қазақ халқының бір бөлігі өздерінің тарихи отанынан тыс жерлерде тұрып жатты. Олар бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора саналды. Ирредента деп өздерінің ежелгі атамекенінде дәстүрлі өмір сүріп отырған біртұтас халықтың бір бөлігін айтады. Алайда өкінішке қарай, қазақтардың бірқатар жерлері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқиғалардың салдарынан басқа мемлекеттің құрамында болып шықты. Ал диаспоралар халықтың бір елден екінші елге лажсыз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы болып табылады.

Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге лажсыздан қоныс аударуы ХІХ-XX ғасырлар шебінде жиі орын алды. Ол кезде қазақ даласын Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген шаруалар арқылы отарлау жаппай жүріп жатты. Қазақтардың ең жақсы, құнарлы да шұрайлы жерлерін күшпен тартып алу жалғаса берді. Міне, мұндай жағдайда қазақтардың өздерінің ежелден отырған, дәстүрлі көшіп-қонып жүрген жерлерін лажсыздан тастап, қайдағы бір құнарсыз, сусыз жерлерге қоныс аударудан өзге амалы қалмады.

Көптеген ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз басып-жанышталғаннан кейін қазақтар басқа мемлекеттердің аумағына көшіп кетуге мәжбүр болды. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң 300 мыңға тарта қазақ Қазақстан аумағын тастап Қытайға көшіп кетті.

 

РЕСЕЙ

Болжам мәліметтер бойынша қазіргі уақытта Ресей Федерациясында 1 310 000 этникалық қазақ тұрады, олардың 70%-дайы ауылды жерде тұрады. Біздің отандастарымыздың көпшілігі Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекаралас 12 субъектілерінде жинақы тұрып жатыр. Бұл - Алтай өлкесі, Астархан, Орынбор, Самар, Қорған, Шелебі, Омбы, Сарытау, Волгоград, Новосібір және Түмен облыстары. Қазақтардың белгілі бір саны Мәскеуде, Сант-Петерборда, Татарстанда, Қалмақияда, сондай-ақ Ресейдің басқа да облыстарында өмір сүруде. 1999 жылдың басында Ресей Федерациясының өңірлерінде тұрып жатқан қазақтар туралы мынандай мәліметтер болды:

Алтай Республикасы

1989 жылғы мәліметтер бойынша Таулы Алтай автономиялық облысының Көшағаш ауданында халықтың 39,6% – төлеңгіттер мен алтайлықтар, 54,4 % (9 000 адамдай) – қазақтар. 1989 жылы ауданда 8 200 қазақ және 7 013 төлеңгіттер (алтайлықтар) болған; 1993 жылы – тиісінше 6 377 және 7 264 адам. Соңғы жылдары көшіп келу азайды, кері процесс байқалды. 1995 жылы аудан халқы 15 748 адам болса, соның 7 999 қазақ, 7 555 төлеңгіт (алтайлық). Дамудың қазіргі кезеңінде қазақ диаспорасына жалпы екі процесс тән: этникалық сәйкестілікті сақтау және Қазақстанға оралу. Этникалық өзін-өзі тану деңгейінің көрсеткіші ретінде қазақтардың басым бөлігінің өздерінің шыққан тектерін, немесе рулық топтарын білуін, өзінің тарихи салт-дәстүрлерін білуін бөліп қарауға болады. Мысалға, Көшағаш ауданының қазақтары бұл мәселеге хабардар екендігін атап өтеді, қазақ этностарының жүзге бөлінетінін жадында сақтаған. Көшағаш ауданындағы қазақтардың негізгі бөлігі өздерін орта жүзге жатқызады – 48%, ал 2% - ұлы жүзге және 1% - кіші жүзге жатады, қалғандары өздерінің рулары туралы жауап беруге қиналады. Алтай қазақтары өз салт-дәстүрлерін тұрмыстық, материалдық мәдениет деңгейінде сақтайды. Көшағаш ауданының қазіргі тұрмысы салт-дәстүр ерекшеліктерінің жақсы сақталуымен ерекшеленеді. Ұлттық аспаптар көбінесе отбасылық тұрмыста қолданылады – қазақтардың 70%-дан астамы ұлттық аспаптарды пайдаланатынын айтады, шамамен сонша адам ұлттық кием киеді. Сол сияқты ұлттық тұрғын үй нысаны - киіз үйлер де кең тараған. Алтайдағы қазақ халқының арасында нуклеарлық отбасылар басым. Туыстардың екі ұрпағы бірге өмір сүретін отбасылардың саны Көшағаш ауданындағы алтайлықтарда да, қазақтар да бірдей. Үш ұрпақтан тұратын отбасылардың түрлері қазақ этносының арасында анағұрлым сирек кездеседі. Төртұрпақты отбасылар да кездеседі, алайда қазақ халқында олардың саны шамалы ғана – бар-жоғы бір пайыз. Отбасылық рөлді ұстау бұрынығыдан қатаңдау бола бастады. Отбасындағы адамдардың мінез-құлқы туралы дәстүрлі түсінік жаңа нормалар мен құндылықтар жағына қарай ауыса бастады. Әдетте қазіргі отбасыларда «ерлердің» және «әйелдердің» ісі деп нақты бөліп қарау аңғарылмайды. Бірақ Көшағаш ауданындағы қазақ отбасыларының өмірінде дәстүрлік сипаттар бар, мысалға отбасындағы ерлердің бас болуы туралы ұғымның сақталуы. Этникалық сәйкестілікті сақталуына халықтың метистену деңгейінің төмендігі де жағдай жасауды. Алтай қазақтарының арасында этникааралық некелер тарамаған. Некелердің көбі бір ұлт адамдары ішінде жасалады. Этникалық біртекті некеде 76% қазақтар тұрады. Халқының 9% қазақтар құрайтын Усть-Канск ауданында ұлтаралық некелер санының арту үрдісі басым: қазақтардың 40% өзге ұлт өкілдерімен некеде тұрады (23% - орыстармен және 17 % - алтайлықтармен). Алтай қазақтарының тағы бір ерекшелігі – діни фактор. Алтайлықтар «лауазымды» этнос мәртебесін алған, ал әлеуметтік инфрақұрылымда көшбасында тұрған қазақтар этникалық азшылық рөліне түсіп қалған қазіргі жағдайда өзін-өзі анықтау нысанына айналған діни фактор ерекше маңызға ие боп отыр. Ислам әлемімен (Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Түркия мұсылмандарымен) байланыс орнауына орай соңғы жылдардағы ауданның қарқынды «исламдануы» тек діни ғана емес, этникалық сананы да өзекті етіп отыр және Алтай Республикасы қазақтарының бірігуіне жағдай жасайды. Көшағаш ауданының этно-локалды топтары бабаларының діни ұғымдарын көзінің қарашығындай сақтауды. Аудан халқының басым бөлігі өздерін дінге сенетіндер деп санайды. Алтай мемлекеттілігінің шеңберінде Алтай Республикасының басқа халықтары сияқты қазақтар да мәдени және тілдік егемендігін алды. Республиканың заңнамалық актілері алтай және орыс тілдерін мемлекеттік тіл деп жариялады және қазақ тілін қазақтардың жинақы тұратын жерлерінде ресми деңгейде пайдалануға болады деп көрсетті. Қазақтардың 90%-дан астамы өз тілін ана тілі санайды және отбасында қазақ тілінде сөйлесіп, оны жақсы білетіндігін көрсетеді. Басқа этникалық топтармен өзара әрекеттестік жағдайында алтай қазақтары орыс тілін ғана емес, алтай тілін де меңгеріп, ол тілде көп жағдайда еркін сөйлейді. Көшағаш ауданындағы нақты полилингвизм әкімшілік-саяси факторлармен және күнделікті өмір қажеттіліктерімен, білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен негізделген. Алтайда көптеген онжылдықтар бойы білім беру тілі орыс тілі болып келді. Ұлттық білім беруді дамыту жөніндегі эксперименттің басталуымен ауданның көптеген мектептерінде (олардың арасында үш бастауыш, он орта, бір орталау мектеп бар) 1-4 сыныптарда ана тілінде (кенттің этникалық көпшілігінің тілінде) оқыту, 5-11 сыныптарда – ана тілі курсын сақтай отырып орыс тілінде оқыту енгізілген. Аудан әкімшілігі ұлттық мәдениеттерді сақтау мен дамытуға жағдай жасауда. Оның жәрдемімен Көшағашта Қазақ мәдениетінің орталығы құрылды. Алтай қазақтарының өзіндік ерекшеліктерін сақтаудың басқа да шаралары жасалып жатыр. 2001 жылы Көшағаш ауданының Жаңаауыл кентінде Ресей қазақтарының құрылтайы өтті. Құрылтайға Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путин өз үндеулерін жолдады. Құрылтайда басқа мәселелермен бірге қазақ тіліндегі жергілікті телевидение, баспасөз және радионы дамыту жоспарлары талқыланды. Іс жүзінде барлық қазақотбасыларының (95%) өз үй шаруашылығы бар, олар ет мен сүт өндірісінде жетекгі рөл атқарады.

 

ӨЗБЕКСТАН

Өзбекстан Республикасы Статистика орталығының ресми мәліметтері қазақтардың санын өте төмендетіп, 1 млн.-ға дейін жеткізіп отыр. Алайда қазақтардың саны 1 млн. 660 мың адам деп сеніммен айтуға болады, бұл шетелдегі қазақ диаспораларының үштен бірін құрайды. Олардың Өзбекстандағы жинақы тұратын жерлері Қарақалпақстан, Ташкент қаласы, Ташкент, Навои, Жызақ, Сырдария және Бухара облыстары. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өзбек тарапына азаматтық алудың оңайлатылған тәртібі туралы келісім жасауды ұсынған болатын. Алайда Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі қолданылып жүрген ішкі заңдарына сілтеме жасай отырып оны кейінге қалдыруды ұсынып, оны қараудан бас тартты. «ҚР Азаматтығы туралы» Заңға қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін бұл мәселе шешілді. Мамандардың болжамы бойынша Отанына оралғысы келетін обасылар саны таяу жылдарда күрт өсіп, көшіп шығу жаппай бұқаралық сипат алуы мүмкін Мектептерде қазақ тіліндегі оқу құралдарының жетіспеуіне байланысты 2002 жылы Елшілік ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе ӨР Халыққа білім беру министрлігіне 5 млн теңгенің оқулықтарын берді. 2005 жылы алыс және жақын шетелдегі, соның ішінде Өзбікстан, қазақ диаспорасының балалры үшін 5 сынып үшін 18 699 дана, 9-сынып үшін 19 300 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кекшн жіберілді. Өзбекстанның білім беру министрлігі қазақ мектептеріне арналған оқулықтар шығаруды ұйымдастырды, алайда оқулықтардың жетіспеуінен және өзбек мектептерінің латын әліпбиіне көшуінен қазақ мектептері қысқарып жатыр. Көрші Өзбекстанда тұратын қазақтардың проблемалары аз емес, бұл ана тілінде білім алумен байланысты проблемалар, ана тіліндегі мерзімді баспасөздерге жазылуға шектеу қою, мәдениет, әдебиет, өнер саласындағы проблемалар, әдеуметтік-экономикалық проблемалар. Өзбекстанның аудандары мен қалаларында Қазақстан телевидениесінің хабарлары біртіндеп экраннан түсіп қалуда. Білім беру жүйесінде де өз қиындықтары бар, қазақ тіліндегі оқулықтар жетіспейді, қазақ тілінде оқытатын мектептер саны жыл өткен сайын қысқарып келеді, Өзбекстанның жалпы білім беретін мекемелері латын графикасына көшуі білім алуға қосымша қиындықтар туғызады. Диаспораның 60%-дайы ауыл тұрғындары. Олар мақта мен күріш егеді, мал шаруашылығымен, соның ішінде қаракөл қойын өсірумен айналысады. Қалалықтар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, тұрмыстық қызмет көрсету және басқа да материалдық емес салаларда жұмыс істейді. Этникалық қазақтардың мемлекеттік билік органдарындағы өкілділігі лауазымды ұлтпен салыстырғанда өте төмен. Республиканың қазақтар тығыз орналасқан өңірлері – Қарақалпақстанда, Ташкент, Навои облыстарында диаспора өкілі басшылардың саны соңғы жылдары елеулі қысқарды. Оларды басшы орындардан, жалақысы жоғары немесе беделді лауазымдардан босатып жатыр. Қазақ диаспорасы бұларды өздерінің әлеуметтік, саяси құқықтарының бұрмалануы деп қабылдайды, сондай-ақ биліктегілердің мұндай әрекеттері республикадағы, әсіресе қазақтар жинақы тұратын жерлердегі әлеуметтік шиеленіске әкеп соғуы мүмкін. Тұрмыстық деңгейдегі этникааралық жанжалдар санының артуы осының жанама дәлелі бола алады. Диаспораның әлеуметтік мәртебесінің төмендеуі, оның материалдық жағдайының нашарлауы, тіршілік етудің көптеген салаларындағы кепілді құқықтардың жоқтығы – ауыр тиетін процесс, алайда оны республикадағы қазақ халқын ғана шеттету деп қарамау керек. Бұл объективті процесс, өтпелі кезеңмен байланысты және ұлтына қарамастан елдің барша халқын қамтиды. Әлеуметтік мәртебесінің төмендегеніне қарамастан қазақ этносының жоғары бейімделу мүмкіндіктері оған жаңа жағдайда да қоғамдағы өзінің орнын табуға көмектеседі.

КЫРҒЫЗСТАН

Соңғы халық санағына (1999 жылғы сәуір) сәйкес мұндағы этникалық қазақтардың саны 42 657 адам. 2004 жылдың басында қазақ халқының саны 65 мың шамасында. Анағұрлым жинақы орналасқан жерлері Шу облысы (17 510 адам), Бішкек қаласы (12 064 адам), Ыстықкөл (6979 адам), Талас (3604 адам), Жалал-Абад (1 130 адам), Ош (1200 адам), Нарын (394 адам) және Баткент (376 адам) облыстары. Білім деңгейі: жоғары білімі барлар – 4 234 адам, аяқталмаған жоғары - 678, орта-арнаулы – 4 346, орта – 13 366, қалғандарында – бастауыш білім. Қазақтардың ішінде 47 ғылым кандидаты, 8 ғылым докторы бар. Жалпы алғанда Қырғызстандағы біздің отандастарымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақтанарлықтай емес. Қазақтардың бір бөлігі аралас некеден туған, ассимилияция қаупін туғызады. 1999 жылғы ұлттық халық санағы мәліметтеріне сәйкес 42 657 қазақтың 7546-сы ана тілін қырғыз тілі деп, 2449 – орыс тілі, 95 - өзбек тілі деп көрсеткен. Мұның себептерінің бірі қазақ диаспорасы жинақы тұратын аудандарда қазақ орта мектептері мен балалар мекемелері жоқ деуге болады, ана тілінде теле- және радио бағдарламар таратылмайды.

 

ТҮРКМЕНСТАН

1995 жылғы халық санағы мәліметтері бойынша Түркменстанда 86 987 қазақ тұрады (елдегі халықтың жалпы санының 4%). Олар Дашогуз (33 000 адам), Балкан (22 000 адам), сондай-ақ Марый және Лебап уәлайяттарында (облыстарында) жинақы қоныстанған және негізінен мал шаруашылығымен айналысады, тамақ және мұнайөңдеу салалары мен әлеуметтік салада жұмыс істейді. Біздің елшілігіміздің мәліметтері бойынша 2003 жылы мұнда 110 000 қазақ тұрған. ҚР Елшілігі Түркменстандағы қазақ мектептерінің директорларына 16 000 оқулықтар мен оқу құралдарын тапсырды. Соңғы уақыттарда көшіп келген қазақтардың азаматтығын ауыстыру мәселесі ерекше өткір болғандықтан, сондай-ақ бұл процедураның ұзақтығы мен қымбаттығына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі түркмен тарапына Азаматтықты оңайалатып алу мен тоқтату туралы Келісімнің жобасын жіберді. Алайда Түркменстанның Орталық Азия елдерінен бөлектенуіне және біздердің елдеріміздің арасындағы визалық режим енуіне байлйанысты бұл проблема әлі күнге өзінің оң шешімін таппай отыр. Осы үшін біздің отандастарымызға залал көруде, олардың Қазақстанмен гуманитарлық байланыстары шектеулі.

 

МОҢҒОЛИЯ

Моңғолияның Ұлттық статистикалық басқармасының мәліметтері бойынша этникалық қазақтардың жалпы саны 102 983 адам, яғни моңғолдардан кейінгі екінші орынды иеленеді. Олардың ішінде Баян-Өлгей аймағында 83 776 адам, Хобда аймағында — 12 215, Ұланбатыр мен оның төңірегінде – 7 504, ал Эрдэнэт, Дархан, Бэрх және Шарыгол өнеркәсіптік аудандарында – 4 245 адам тұрады. Қазақстан Республикасы Елшілігінің нақтыланған мәліметтері бойынша Моңғолияда 126 000-нан астам қазақтар тұрады. М.Тәтімовтың мәліметі бойынша Моңғолияда 157 000 қазақ тұрады, Қазақстардың Дүниежүзілік қауымдастығының көрсеткіші едәуір төмен – 90 000 адам. Мәліметтердің алшақтығы бұл мәселені арнайы зерделеуді талап етеді. Қазақтардың 90%-нан астамы Моңғолияның батыс бөлігінде, Баян-Өлгей аймағында тұрады, ол астанадан 1600 км қашықтықта орналасқан. Баян-Өлгейдегі мал шаруашылығының салыстырмалы қарқынды дамуы мен шекара маңындағы қарқынды сауда (РФ Алтай республикасы мен ҚХР ШҰАА) отандастарымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының Моңғолияның басқа аудандарымен салыстырғандағы жақсы болуына жағдай туғызды. Республикаға қазақтардың қоныс аударуы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы еңбек нарығы мен халықты жұмыспен қамту саласындағы өзара ынтымақтастық туралы Селісімге сәйкес 1991 жылдың қыркүйегінен басталды. Барлығы 83 000 адам көшіп келді. Кейіннен 12 000-нан астам қазақ Моңғолияға кері оралды. 70 278 адам Қазақстанда өзінің жаңа отанын тапты.

 

ҚЫТАЙ

Қазіргі кезде әртүрлі мәліметтер бойынша Қытайдағы қазақ диаспорасы 1 200 000-нан 2 000 000 адамға дейін. Қытайда тұратын қазақтардың саны туралы әртүрлі мәлімет көздері бір-біріне сәйкес келмейді. Отбасында үш баладан бес балаға дейін болатын қазіргі Қытай аумағында тұратын қазақтардың санын дәл анықтауға кедергі жасайтын факторлардың бірі – отбасылардағы балалар санын шектейтін Қытай үкіметінің жүргізіп отырған демографиялық саясаты. Осыған байланысты халықтың көп бөлігі тіркелмеген. Сол сияқты Қытайда тұратын халықтың жалпы саны туралы дәл статистикалық мәліметтің жоқтығы да қиындық туғызады. Қытайда қазақ ирредентасы, яғни өзінің тарихи аумағында қоныстанған этникалық қазақтар тұрады. Қытай мәліметтері бойынша Қытайдағы қазақ диаспорасы саны 1 млн адамнан асатын он ірі этностардың құрамына кіреді. Қытайда барлығы 56 ұлт өмір сүреді. Қазақ диаспорасы біздің шетелдегі отандастарымыздың ең көбі болып табылады. Қытайдағы қазақтардың санының өсу қарқыны айтарлықтай жоғары: 1949 ж. - 493 000-нан көп 1979 ж. - 898 000 шамасында 1982 ж. - 927 000 1985 ж. - 994 000 1990 ж. - 1 500 000 2005 ж. - 1 млн. 596 мыңнан 2 млн. 500 мыңға дейін

Қытай Халық Республикасының жүргізген ұлттық аумақтық автономия саясатының нәтижесінде 1954 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы құрылды. Қазақтар негізінен Алтай, Іле, Тарбағатай аймқтары кіретін автономиялық облыста, сондай-ақ ҚХР ШҰАР Мори-Қазақ, Баркөл-Қазақ аудандарында, Ганьсу өлкесінің Ақсай-Қазақ автономиялық ауданында және аз мөлшерде Бейжіңде (Пекинде) тұрады. ҚХР құрылған кезде оның аумағында 420 000 қазақ өмір сүрген, оның 418 000 – Шыңжанда тұрған, бұл 9% құрайды; үш мыңнан астам қазақ онымен шекаралас Ганьсу және Цинхай провинцияларының аудандарында тұрған. Шыңжанда қазақтар негізінен Алтай (орталығы Алтай қаласы), Іле (орталығы Құлжа қаласы,қытайша Иниң) және Тарбағатай (орталығы Шәушек (орысша Чугучак, үйғырша Чочек, қытайша Тачың) қаласы) аймақтарының (округтерінің) аудандарында көшіп жүрді, бұл барша қазақ көштерінің 3/5 бөлігін құрайтын. Шағындау топтар қазіргі Мурэ-Қазақ автономиялық ауданы мен Цинхай уезін (Санджи-Хуэй автономиялық облысы) және Баркөл-Қазақ автономиялық ауданының (Хамий округі) аумағында көшіп жүрген. Әдетте көш рулық негізде құрылатын болған. ШҰАР аумағында қазақтар саны жағынан ханьдар мен ұйғырлардан кейінгі үшінші орынды иеленіп, жалпы халықтың 7,4% құрайды. ҚХР жарияланғаннан бергі 54 жылда Аспан асты еліндегі қазақтардың саны үш еседен артық өсті. Қазақтар лауазымды этнос болып табылатын ІҚАО басқа да автономиялық құрылымдар бар: Санчжи-Дунган облысындағы Мурэ-Қазақ автономиялық уезі, Хамий округіндегі Баркөл-Қазақ автономиялық ауданы және Ганьсу өлкесіндегі Ақсай-Қазақ автономиялы ауданы. Цинхай өлкесінде Хайси-Тибет-Моңғол-Қазақ автономиялы облысы бар, оны көбінесе жай ғана Хайси-Моңғол-Тибет деп атайды. Сондай-ақ оншақты автономиялы қазақ болыстары бар. Үрімшінің арғы жағындағы Ганьсу мен Цинхай аумақтарына қазақтар 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін көшкен. ІҚАО қазақтары автохтонды халық болып табылады. Бұл аумақты қазақтар жоңғарлармен екі ғасырға созылған күресте қорғап қалды. Басқа елде өмір сүре отырып, қазақтар бұл жерде басқа тарихи шеңберде, басқа әлеуметтік-экономикалық және саяи жағдайда дамыды, қытайдың мәдени ықпалында өмір сүрді. Қазақстандық зерттеушілер мәліметтері бойынша Қытайдағы қазіргі қазақ диаспорасының бірқатар ерекшеліктері бар. Біріншіден, ҚХР аумағында тұратын қазақтардың 80% ҚХР құрылғаннан кейін туылғандар, оның 70% – 1962 жылдан кейін және 50% – «мәдени революциядан» кейін туылғандар. Бұл, бір жағынан, «тууды реттеу» саясатын жүзеге асыруда хань емес халықтарға жасалған белгілі бір «жұмсақтық» туралы қорытындыны білдірсе, екінші жағынан – қазақ халқының басым бөлігі ҚХР өз отаны деп қарайтынының көрсеткіші. Қазақ диаспорасы өкілдерінің көпшілігі үшін «мәдени революция» кезеңінің эксперименттері өз тәжірибелерінен таныс және оларда жалпы «мәдени революция буындарына» тән психологиялық ерекшеліктердің бәрі бар. Екіншіден, ҚХР-дағы қазақ этникалық тобының мәдени және жалпы білім беру деңгейін көтеру ісіндегі қол жеткізген елеулі прогреске қарамастан ол төмен күйінде қалуда. 1982 жылғы халық санағы мәліметтері бойынша алты жастан жоғары қазақ ұлты (725 130 адам) арасында әртүрлі жоғары оқу орандарының түлектері тек – 2 547 адам; студенттер – 1 483; екінші сатыдағы орта мектеп түлектері – 41 599; бірінші сатыдағы орта мектеп – 124 781; бастауыш мектеп – 351 272; сауатсыздар мен шала сауаттылар – 203 448 адам немесе автономиялық райондағы қазақтардың жалпы санының 28,66%, оның ішінде алты жастан он бір жасқа дейінгілердің арасында – 81 325 адам. Қазақ ұлтының 50%-нан астамын құрайтын әйелдер арасында сауатсыздық деңгейі ерлерге қарағанда 1,5 есе артық. Бұл жағдайдың ҚХР-дағы қазақ халқының тиісті жұмыспен қамтылуы саласына әсері ететіні сөзсіз. Елдің халық шаруашылығында жұмыс істейтін 294 923 қазақтың 243 557-сі немесе экономикалық белсенді қазақ халқының 82,58% – жер өңдеуде, мал, балық және орман шаруашылықтарында шоғырланған; кеніштерде, ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында – 3659; зауыттар мен фабрикаларда – 3781; құрылыста – 2016; көлік және байланыста – 2224; сауда мен қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында – 9152; денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 16045; мемлекеттік және партиялық органдарда – 9460 қазақ жұмыс істейді [3]. 80 жылдардың басындағы ҚХР қазақтары кәсібі жағынан былай бөлінген: әртүрлі кәсіпорындардың техникалық персоналы – 32 889, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, партиялық және қоғамдық ұйымдардың жауапты қызметкерлері – 5 821, іс қағаздарын жүргізушілер мен осы санаттағы қызметкерлер – 5 809, сауда қызметкерлері – 3 816, қызмет көрсету саласы қызметкерлері – 4 812, жер өңдеушілер, мал өсірушілер, орманшылар – 219 752, өндіріс жұмысшылары, көлік жұмысшылары және осыған сәйкес санаттағы жұмысшылар – 21 295 немесе ҚХР халық шаруашылығындағы жұмыс істейтін қазақтардың 7,43% ]. 1982 жылдың ортасында ҚХР аумағында тұратын қазақтардың құрылымы және олардың ҚХР-ның 56 ұлты құрылымындағы жағдайы осындай болатын. Өткен реформалар жылында бұл құрылым айтарлықтай өзгеріске ұшырай қойған жоқ; сөз жоқ, ҚХР қазақ халқының мәдени және білім деңгейінің көтерілуі аясындағы әлеуметтік прогресс байқалады. Техника саласындағы ұлттық кадрларды дайындау, ана тіліндегі мектеп білімін одан әрі дамыту және т.б. бұған куә. ҚХР-дағы қазақтардың мәдени және жалпы білім деңгейі өсіп келеді. ІҚАО тұрғындарының көпшілігі Бейжің(Пекин), Шанхай және Қытайдың басқа да ірі қалаларындағы, шетелдерде, соның ішінде Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқып жатқандары да бар. Осыған қарамастан, қазақтардың әлеуметтік те, кәсіби де, саяси да құрылымдары ҚХР қазақ қауымдастығының даму үрдісі туралы куәландыратын және оның келешегін анықтайтын елеулі сапалы өзгерістерге ие болмай отыр. Соңғы уақытта Қазақстан тарапынан қазақтардың бұрынғы өткені туралы мәліметтер бар. Қытайдағы тарихи ескерткіштерге деген қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты Қытайдағы қазақтардың мұрасын зерделеу жұмыстары басталып кетті. Мүдде ортақ, өйткені Қытайда ғалым, артист, суретші, музыкант қазақтар тұрады, олар кейбір жобалардың бастамашысы болды және оларды жүзеге асыруға жәрдемдесуде. Олардың қатуымен қазіргі кезде кітап басып шығару, тарихи материалдарды жинау және т.б. жұмыстар ұйымдастырылды. Бұл бағытта Қазақтардың Дүниежүзілік қауымдастығы белсенді жұмыс жүргізуде. Мысал ретінде «Шыңжандағы қазақ сазгерлері» кітабының әзірленуін келтіруге болады, оның авторы өнертанушы Құлжада Мұхамед, Майра Мұхамедқызының әкесі. Мұнымен қатар белгілі күйшілерге, суырып салма ақындарға арналған шығармашылық кештер өткізіледі, компакт-дискілер шығарылады. Мысалға, Қытайда тұрған күй шебері Бейсенбінің туған күнінің құрметіне арнайы компакт-диск шығарылды. Суырып салма ақын Т.Жолдыұлының 100 жылдығына жас орындаушылардың орындауындағы оның әндері жазылған магнитті таспа әзірленді. Қытайда би өнері өте дамыған. Осыған байланысты Қытайда тұрған атақты Тайыр күйшінің қызы белгілі балетмейстер Нағима Тайырқызының есімін атай кеткен жөн. Ол көптеген талантты бишілерді тәрбиеледі. Н.Тайырқызы Алматы қаласына келіп тұрады, онда облыстық филармонияда сабақ береді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың және СІМ белсенді сыртқы саяси курсы нәтижесінде Қытай тарапының позициясында Қазақстанның саясатына деген белгілі түсіністік байқалады. Елшілік отандастарға Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірі туралы объективті ақпарат береді, оларды қызықтыратын көші-қон, демографиялық процестерді реттейтін нормативтік актілерді түсіндіреді. Соңғы жылдары Қытайда жергілікті билік органдарында қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып келеді, ұлттық мектептер жабылуда. Біздің отандастарымызды Пекиннің бала тууын шектеу саясаты да алаңдатуда, ол қазақ халқының өспей қалуына әкеп соғады.

Іле-Қазақ автономиялық облысы

Қазақстан-Қытай шекарасының бойында өзінің үкіметі, жергілікті басқару органдары, қазақ мектептері мен қазақ тіліндегі газеттері, радио және телевидениесі бар Іле-Қазақ автономиялық облысы (ІҚАО) Қазақстанмен тұтастай шектесіп жатыр. ҚХР конституциясы бойынша автономиялардағы бірінші әкімшілік лауазымдарды лауазымды этностың өкілдері иеленуі тиіс, ІҚАО бұл қазақтар (аудандықтан бастап қалалық буынға дейінгі парткомның бірінші хатшысы лауазымына бұл қағида жүрмейді). Қазақтардың басым үлес салмағы білім беру, мәдениет, өнер, қаржы, сақтандыру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қызмет көрсету саласында, сондай-ақ партиялық-мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында байқалады. Аз кездесетіні – ғылымға негізделген салалар мен өнеркәсіптік, әсіресе ірі кәсіпорандарда. ІҚАО астанасы - Құлжа (қытай транскрипциясында - Инин) бірмезгілде Іле аймағының да орталығы болып табылады, мұнымен қатар облысқа тағы екі аймақ кіреді: орталығы Чугучак қаласындағы Тарбағатай және орталығы Алтай қаласындағы Алтай аймақтары. Әрбір аймақ ауылдық аудандарға бөлінген және мәртебесі бойынша бұрынғы одақтас республика облысының мәртебесіндей. Іле аймағында 9 аудан, Тарбағатай аймағында 6 аудан, Алтай аймағында 8 аудан бар. Шен туралы әкімшілік-аумақтық табельде ІҚАО Шыңжан аймақтарына қарағанда жоғары сатыда: оның аймағы мәртебесі жағынан округке тең. Сондықтан облыстық өкімет қосымша қондырғы сияқты және жергілікті билікке мәселені тікелей Үрімжіде шешкен оңай. Үрімшіде бұған кедергі жасамайды, әсіресе 1982 жылы ІҚАО Пекинге ҚХР үкіметіне тікелей бағынуды сұрап, ШҰАР юрисдикциясынан шықпақ болған шешімінен кейін. ІҚАО басында облыс үкіметінің төрағасы тұрады, оны қазақша «үкімет төрағасы» емес, «облыс бастығы» немесе «облыс үкіметі бастығы» деп атайды, өйткені төраға Қытайда біреу – ол ҚХР Төрағасы. Аймақты (округті) үәли (губернатор) басқарады, оны мұнда «әкім» емес, «уәли» деп атайды, ал қала мэрлерін «қала бастығы» деп атайды, есесіне аудан әкімдерін көбінесе «аудан әкімі» деп атайды. 1990 жылға дейін «аудан бастығы» термині қолданылатын. Болыс әкімін көбінесе жайғана «ауылбас» деп атайды. Қытайдағы қазақ автономиясының сақталу перспективалары бүгінде бірыңғай емес. Хань халқының тарапынан аз ұлт өкілдері пайдаланатын жеңілдіктерді сақтап қалудың құқық тарапынан дұрыстығы туралы мәселе жиі қойылып жүр. Қытай үкіметі мен ҚКП қазақ диаспорасы мен ирредентасына қатысты ұлттық саясаты қаншалықты бірмәндес болатындығы белгісіз. Қазақтар лауазымды этнос болатын және басшылық басында ресми тұрған, қазақтардың әлемдегі екінші әкімшілік-аумақтық құрылымы болып табылатын Іле-Қазақ автономиялық облысының Қазақстан үшін маңызы орасан.

 

ТҮРКИЯ

Түркиядағы қазақ диаспорасы негізінен өткен ғасырдың 50-ші жылдары Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай округінен («алтай қазақтары») көшіп барған, сондай-ақ XX ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстан мен Ираннан босқын ретінде қоныс аударған қазақтардан тұрады. Стамбул консулдық округінде алтай (3450 отбасы) және ауған (740 отбасы) қазақтары тұрады. Түркияда тұратын қазақтар жинақы орналасқан. 1972 жылы олар түрік үкіметіне өтініш жасады, сол жылы оларға Стамбулдан сатып алу және құрылыс салу үшін жер берілді. Біздің отандастарымыз бұл ауданды «Қазақкент» деп атады, қазір ол «Гюнешли» аталады, түрік тілінен аударғанда «Күн сәулелі». Стамбулда қазақтар басқа аудандарда да тұрады (мысалға, Зейтинбурну, Кучук Чекмеджи, Сафра-кой, Орнектепе), бірақ олар бірге болуға тырысады. Түркияда тұратын қазақтардың саны туралы мәліметтер де әралуан, сан айырмашылығы өте үлкен. 19 000-нан 25 000-ға дейінгі сандар аталады. Мысалға, Сайлау Батыршаұлының мәліметі бойынша Түрік Республикасындағы диаспора өкілдерінің саны 2003 жылы 19 мың адам болған. 2005 жылғы мәліметтер бойынша 25 000 адам деп көрсетілген. Қазақтардың негізгі бөлігі (2750 отбасы) Мәрмәр теңізінің жағасында, Стамбулдың “Зейтинбурну” ауданында шоғырланған, 120 отбасы – Эгей теңізінің жағасында (Измир провинциясы), 80 отбасы шамасында - Нигде провинциясында, 60 отбасы – Анкарада және басқа провинцияларда тұрады. Г.Меңдіқұлованың пікірі бойынша, көп жағдайда Түркиядағы қазақ қауымдастығы қазақ диаспорасы өкілдері үшін үлгі болды, бұл қазақтардың күш-жігерімен ғана емес, түрік үкіметінің түсіністікпен жауап қату әрекетімен де мүмкін болды, соның арқасында Шыңжаннан босқан қазақтар бұл жерден екінші Отанын тапты. 1990 жылдардағы Түркиядағы қазақ қауымдастығын зерделей отырып, 1970 жылдары қазақтардың аға буыны қалап кеткен, қазіргі кезде жемісін көріп отырған этникалық сәйкестілікті сақтау процесіндегі мынандай сәттерді атап өтуге болады. 1960 жылдары қазақтар қаланың әүрлі аудандарына қоныстанды, олардың балалары түрік мектептеріне бара бастады, бұл қазақ сәйкестілігін сақтау процесіне жәрдемдескен жоқ, керісінше қазақ жастарының бір бөлігі «түріктену» процесіне ұшырады, бұған қазақ ақсақалдары қарсы шықты. Қазақтардың «түріктену» процесін қалай да бір тоқтату үшін аға буында кейіннен қазақ бастауыш және орта мектебін ашуға болатындай бірге, бір ауданға қоныстану идеясы туды. Стамбулдың Гюнешли ауданында «Қазақкент» осылай пайда болды, оның ресми ашылуы 1973 жылғы 15 тамызда өтті. Алғашқы үйлер Отаны туралы естелік немесе ескерту ретінде «Алтай» көшесінде салынды. Түркияда 1986 жылы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларының толқыны ретінде түрік қазақтарының «Вакиф» мәдени-ағарту қоғамы құрылды. Бұл қоғамның құрылтайшылары 10 адам болды және алғашқы төрағасы болып Токтоубай Топлу сайланды. 1988 жылғы наурыздан бастап «Вакиф» түрік қазақтары қоғамының бюллетені» шыға бастады. «Бюллетеннің» екі нөмірі ғана жарыққа шықты. Бұл «Бюллетеньдерде» этнография мен қазақ халқының тарихы бойынша материалдар, Түркия мен Батыс Еуропадағы қазақ қауымдастықтарының өмірі туралы материалдар орын алды, қазақ диаспорасынан шыққан танымал қайраткерлермен және кәсіпкерлермен сұхбаттар жарияланды. Диаспораға әлеуметтік және экономикалық көмек көрсету мәселелерімен «Түркия қазақтарының қоғамы» айналысады, оның мәртебесі ұлттық-мәдени орталыққа тең. Түркияда басқа да қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді: «Түрік қазақтарының әлеуметтік және мәдени дамуын қолдау қоры», «Қорқыт Ата қоры», «Шығыс Түркістан қоғамы» және «Ахмет Иассауи» қоры. 1991 жылдан бастап түрік қазақтары мен Қазақстан Республикасы арасында тығыз жан-жақты байланыстар дамып келеді. Түркияда тұратын қазақтар үшін соңғы кездегі маңызды оқиғалардың бірі 1997 жылғы 28-29 нурызында өткен Кіші Құрылтай болды. Сонымен қатар, Түркияның қазақ қауымдастығында сепаратизм жоқ, елдегі халықпен, үкіметпен және жергілікті әкімшілікпен қарым-қатынасы жақсы. Түркияда жоғары білім алу қымбат, сондықтан оған көптеген қазақ жастарының қолы жете бермейді. Жоғары оқу орнына түсетін қазақ жастарының өкілдері негізінен ең озат студенттердің бірі болады. Кейбір қазақтардың екі жоғары білімі бар. Қазіргі кезде 200-дей қазақтың қыздары мен ұлдары Түркиядағы жоғары оқу орындарында экономика, құрылыс, журналистика, медицина және заңгерлік мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Алайда Түркиядағы қазақ жастарының көпшілігі өздерінің этникалық: тері өнімдерін өңдеу, тігу және сату бизнесімен шұғылданады. Түркиядағы қазақ отбасыларының көбі күрделі (бөлінбеген) және моноэтникалық болып келеді, әйтсе де басқа түркі халықтары өкілдерімен: қырым татарларымен, қырғыздармен, ұйғырлармен некелесу де онша аз емес. Қазақтың жігіттері үшін некеге тұру жасының шектелуі жоғары. Қазақтар көбінесе 30-ға толғанда, отбасын құруға және толық жауап беруге материалдық негіз қаланған кезде үйленеді. Дәстүр бойынша Түркияда отбасы үшін бар жауапкершілік ерлерге жүктелген. Жоғары білім алмаған қыздар көп жағдайда кәмелетке тола салысымен күйеуге шығып, күйеулеріне отбасылық өндірісте көмектеседі. Қазақ жастарының өкілдері Батыс Еуропа, Солтүстік Америка елдерінен жұмыс пен жақсы өмір іздеп өз үйлерін жиі тастап кетіп жүр және соңғы алты жылдың ішінде Қазақстанға көшіп келуге әрекет ете бастады. Түрік қазақтары тұрған елінің жағдайына көбірек бейімделген диаспора болып табылады. Түркия мәдени, діни, тілдік жағдайы анағұрлым жақын ел. Еуропада тұратын қазақ диаспорасының Түркиямен байланысты әлі күнге күшті. Шын мәнісінде еуропалық диаспора – бұл Түркия аумағынан көшіп келгендер. Бұл тұрмыста, тұлғааралық қарым-қатынастарда көрініп тұрады, қазақ диаспорасының өкілдері өз балаларына негізінен түрік есімдерін береді, салт-дәстүрлер мен мерекелер түріктердің әдет-ғұрпы бойынша өтеді. Бұл заңды да, өйткені түркі халықтарының жақындығы ежелден тығыз болды және Түркияда ұзақ өмір сүру, сөзсіз қазақтардың мәдениетіне ықпал етті. Еропалық қазақтардың Қазақстанға қарағанда Түркиямен туыстық байланысы күштірек. Олардың туыстарының көпшілігі Түркияда, Қытайда, Алтайда тұрады. Қазіргі уақытта Стамбулда Түрік қазақтарының қоры белсенді жұмыс істеуде, Стамбул қаласының муниципалитеті Қорға арнап үй-жай бөлген. Қор басшылары қазақ тілін оқып-үйренуге жағдай жасауға, Стамбул қазақтарының Қазақстан мәдениеті, өнері өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыруға тырысады, Қорда Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары болып қайтты. Қордың кабинеттерінде қазақтың ұлттық тұрғын-үйі – киіз үй қойылған, қазақ тұрмысының заттары, Қазақстан туралы әдебиеттер жинақталған, олар әртүрлі мерекелерде, кездесулерде, концерттерде көрсетіледі. Қордың жанында балалар би ансамблі ұйымдастырылған, ол әртүрлі концерттерге, тұсау кесер рәсімдеріне қатысады. Қордың күшімен «Арман» журналы шығып тұрады. Материал таңдауда қиындықтар бар, елдегі өмірді толық қамтып жазатын авторлар жоқ. Түрік қазақтары қазақ тіліндегі ақпараттар алуда қиындықтарға тап болуда. Қазақ диаспорасының аудан мен қала муниципалетитімен қарым-қатынасы жақсы. Қордың басшысы жергілікті өкіметтің қазақтарды ерекшелендіріп тұратын заңға мойынсұнушылықты, үлкендерді силауды, еңбекқорлықты бағалайтынын атап өтеді. Қазақтардың өз ортасында билер институтын (кішкене өзгерген түрінде) жүргізеді. Жергілікті биліктегілер басқарудың бұл жүйесін аудандық деңгейге еңгізу туралы ұсыныс жасаған. Қазақтардың арасында полицияға ұсталған, қылмыс жасалған, бұзақылық және т.б. оқиғалары жоқ. Қазақтардың экономикалық жағдайы тұрақты, жұмыс істей алады және кәсіптері бар. Жастар түрік тілінде сөйлейді, оқу орындарында түрік тілінде білім алады. Қазақ тілін үйретуді Қор өз күшімен ұйымдастырған. 2005 жылы Стамбул университетіне қазақ тілінің оқытушысы келіп, студент жастар арсында тілді оқытуды ұйымдастырды. Оқу-әдістемелік әдебиет тапшы. Әліпбилер графикасының әртүрлі болуына байланысты қиындықтар бар. Қазақстаннан келетін оқулықтар кириллицада жазылған. Тілді үйрету үшін осы графиканы білетін мамандар жоқ. Бұл жағдай Қазақстаннан келетін киррилицада жазылған оқулықтардың мәнін жоқ етуде. Қазақ диаспорасы Стамбулдағы қазақстандық елшілікпен өте тығыз байланыста. Олардың қолдауымен Наурыз мерекесі, Қазақстанның өнер шеберлерінің концерттері ұйымдастырылған. Түркияда қазақтар негізінен тері ісімен айналысады, дербес бизнестерін дамытуда. Жұмыс, салық, бәсекелестік жағдайларында қиындық көрмейді. Олардың айтуынша қазақтарды адамгершілігі мен жауапкершілігі үшін жақсы клиент және серіктес ретінде силайды. Қазақстан нарығына жұмыс істейтін кәсіпорандар бар, Алматыда 13, Шымкентте 30–ға жуық дүкендері ашылған. Алайда олар аз, сондықтан санын көбейту қажет. Түркияда тұратын қазақтар қазақ тілінің жоғалуына, Қазақстаннан келетін ақпараттардың тапшылығына, Қазақстанға көшіп барудың қиын жағдайларына алаңдаулы. Эфирде қазақ тіліндегі хабарлардың жоқтығынан қанағаттанбаушылық сезімде. Қазақ тілін білуді қолдайтын және дамытатын ақпараттық орта жоқ. Аға буын балалары мен немерелерінің болашағына қатты алаңдайды. Түркия қазақтары Отанына оралу шарттарының күрделілігіне қатты абыржулы: тіркелу (прописка), ТИБ-нан анықтама сияқты оралмандарда болмайтын құжаттарды жинуадың машақаты. Түркияда тұратын қазақтардың пікірінше, шетелдегі қазақ диаспорасы Қазақстанның халықаралық қатынастардағы позициясын күшейте алар еді, елдің оң имиджін қалыптастырудың, экономикалық байланыстарды нығайтудың көзі болалар еді. Маңызды шарттардың бірі мәдени орталық құру, оған мемлекеттің көмегі қажет.

 

ЕУРОПА елдері

АҚШ пен Батыс Еуропа (негізінен ГФР, Франция, Скандинавия) елдеріндегі қазақ диаспорасы оқуға бару нәтижесінде және «еңбек» көші-қоны толқынында қалыптасқан. Қолайлы әлеуметтік-экономикалық өмір жағдайы мен сіңісті ділі оларды Еуропада ұстап тұр. Басқа елдерде қазақ ұлтының өкілдері саны аздығынан жергілікті халыққа сіңіп кеткен. Тұманды Альбион жағалауындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің саны аз болуы 1960-1990 жылдардағы британ көші-қон саясатының құқықтық шараларының салдары болды. Ұлыбританияда қазақтар негізінен Лондон мен Редингте тұрады, бұл олардың кәсіби бағдарымен қызмет аясына байланысты. Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының өкілдері моноұлтты некені қалайды және оларға тұрып жатқан еліне өз отбасын көшіріп алып келу тән. Сондықтан, оларға этникалық түптамырын жоғалтпау және балаларын қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениетіне жақындастыру маңызды. Ол үшін 1992 жылы Ұлыбританиядағы қазақтар қоғам құруға шешім қабылдады, өйткені 1985 жылы бұл елге Түркия мен ҚХР қазақтары оқу және жұмыс істеу үшін көшіп келе бастады. Бұл қоғамның мақсаты Ұлыбританияда тұратын қазақтардың арасында бір-бірімен байланыс орнату, сондай-ақ этникалық Отаны – Қазақстанмен жан-жақты байланысты нығайту болды. Мұндай қадамдардың бірі 1995 жылғы маусымда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапары кезінде жасалды, қазақ диаспорасының өкілдерін Президент қабылдап, олармен әңгіме барысында олар өз проблемаларын талқылады. Өкінішке орай, Ұлыбританиядағы қазақ қауымдастығын ерекшелендіріп тұрған нәрсе олардың бастарының бірікпеуі, қазірге дейін ҚХР-да, Түркияда және Қазақстанда тұратын қазақтармен тығыз байланыс орнатылмаған. Қазақ қоғамы берген мәлімет бойынша Лондонда Түркиядан шыққан қазақ диаспорасының 65 өкілі тұрады. Бұған ҚХР, Қазақстаннан және басқа елдерден келген қазақтар кірмеген, олар қазақ диаспорасының санын 100-120 отбасына көбейтеді. ГФР-ға қазақтар түрік еңбек көші-қонының құрамдас бөлігі ретінде 1960-жылдардың ортасында көшіп келе бастады. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытынан бастап Алманияда екі қазақ – түрік азаматтығы бар бұрынғы легионерлер тұрады. ГФР-да қазақтар Рура мен Рейн өнкрекәсіптік аймағындағы жұмыстан басқа қоғамдық-саяси қызметпен айналысты, соның ішінде Мюнхеньде «Азаттық» радиостанциясының қазақ редакциясында жұмыс істеді. ГФР-дағы қазақтар мына жерлерде тұрады: Мюнхеньде - 60 отбасы немесе 300 адам, Кельнде - 90 немесе 450, Гамбургте - 4 немесе 20, Батыс Берлинде - 20 немесе 100, Хайдельбергте - 1 немесе 5, Майнцте - 2 немесе 10, Майндегі Франкфуртте - 1 немесе 5. Барлығы: 178 отбасы немесе 890 қазақ. ГФР-да өскелең қазақ жастарының арасында мәдени-білім беру шараларын өткізу үшін Мюнхень мен Кельнде екі қазақ қоғамы ұйымдастырылған. ГФР-дағы бұл қоғамдардың қызметінің жанданбай тұрғанын іс жүргізу мен үйлесімді әрекет ету тәжірибесінің жоқтығымен түсіндіруге болады. ГФР-дағы қазақ диаспорасы үшін өткір мәселелердің бірі тілдік проблема болып табылады. Негізінен, қазақтар отбасында түрікше, балалары немісше сөйлеседі. Қазақстаннан қазақ тіліндегі кітаптар, газеттер мен журналдар жіберу осы проблеманы шешуде күшті қолдау болар еді. 1993 жылы Мюнхеньде «Еуропалық қазақ түріктерінің бюддетені» шыға бастады. Бірінші нөмірі түрік тілінде, ал екіншісі қазақ тілінде шықты. Бюллетеньде Түркиядағы, Германиядағы, Франциядағы, Швециядағы, Австриядағы, Ұлыбританиядағы, Швейцариядағы және Даниядағы қазақ қауымдастықтарындағы болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттар басылды, Қазақстандағы жетістіктер туралы хабарламалар жарияланды. Екі жылда (1993-1994) екі нөмірі ғана жарық көрді. ГФР-да тұратын қазақтарды олардың жоғары білім деңгейі мен әлеуметтік мәртебесі ерекшелендіреді, өйткені көшіп келген қазақтардың алғашқы буындары өз балаларына жақсы білім бере алды, қазір олар заңгер, стоматолог, инженер болып жұмыс істеуде. ГФР қазақтарының отбасылық қарым-қатынасында, мысалға, Франциядағы қазақтарға қарағанда консерватизм басым. Қалыңдықтарын Түркияда тұратын қазақ отбасыларынан әкелуге тырысады. Түрік қыздарымен жиі некелеседі және түркі емес халықтармен некеге тұрмайды. Ақпарат беруші қазақтардың мәліметтеріне сәйкес қазіргі кезде Швецияда 30-дай қазақ отбасы тұрады, негізінен Түркиядан барғандар. Олар Стокгольмде, Евелде, Вастераста, Гетеборгте тұрады. Соңғы уақыттары олардың саны осы елдің азаматтарымен некеге тұрған Қазақстаннан келген қазақтармен толығуда.

 

АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ

АҚШ-қа қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көшіп бара бастады. Негізінен, АҚШ-тың қазақ халқын бірнеше топқа бөлуге болады: 1) бұрынғы КСРО азаматтары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Алмания аумағындағы концентрациялық лагерьлерде ұсталған, одақтастар әскерлері азат еткеннен кейін және тексеруден өткен соң өздерінің өтініштері бойынша Түркияға тұруға жіберілген, сосын Түркиядан Штаттарға көшіп барған, онда қазір олардың екінші және үшінші ұрпақтары тұрып жатыр; 2) Түркиядан келген қазақтар, түрік еңбек көші-қонының құрамында келіп жұмыс тапқан, бес жыл тұрақты (ешқайда шықпай) тұрғаннан кейін АҚШ азаматы мәртебесін алған; 3) ҚХР-нан келген қазақтар, АҚШ-қа Жапония, Тайвань арқылы Тынық мұхитты кесіп өтіп, Тынық мұхит жағалауында оқуға немесе жұмыс істеуге қалып қойған, сосын елде тіршілік ету мүмкіндігіне ие болған; 4) Қазақстан Республикасынан келген қазақтар, оқуға немесе жұмыс істеуге келген; 5) АҚШ азаматтарымен этникааралық некеге тұрып, азаматтық алғандар. АҚШ мультимәдени және полиэтникалық ел ретінде көшіп-қонған қазақтарды 1960 жылдардың ортасынан бастап, 1965 жылғы көші-қон заңын ырықтандырғаннан кейін тарта бастады. «Америка этникалық топтарының Гарвард Энциклопедиясына» сәйкес 1960-жылдары АҚШ-та 20 шақты қазақ отбасы болған. Бұл 20 отбасының 13-і осы елге 1960-жылдардың ортасында көшіп келіп, Нью-Йорк, Вашингтон (Колумбия округі) метрополиінде және Калифорния штатында қоныстанған бұрынғы вермахт тұтқындарының отбасы. Бұл облыстарға қоныстануды мына көрсеткіштер бойынша таңдаған: 1) жұмыс табу мүмкіндігі; 2) онда тұрып жатқан өз этникалық топтарының өкілдерінің болуы; 3) бұрынғы тұрған жеріне шамалы болса ұқсас климат жағдайы; 4) жоғары оқу орындарының болуы. АҚШ қазақтарында моноэтникалық және этникааралық некелер байқалады. Этникааралық некелер аға буынға тән. Керісінше, диаспораның екінші, үшінші буын жастары өмірлік серіктерін қазақ ортасынан табуға тырысады, бұдан этникалық сәйкестілікті сақтауға арналған стратегия айқындалады. Басқа диаспораларға қарағанда АҚШ-тағы қазақтардың саны аздығынан және америкалық қоғам тіршілігінің барлық саласына ықпал ету мүмкіндігі болмағандығынан маңызды проблемаларын бірлесе шешуге болатын өз қоғамы да жоқ. Британиядағы сияқты америкалық қазақтарға да басы бірікпеушілік тән. 1996 жылы Индиана университетінің (Блумингтон) жанынан Қазақ студенттік ассоциациясы құрылды, ол жыл сайын Наурызды тойлайды, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен және әдет-ғұрыптарымен таныстырады, тақырыптық конференциялар өткізеді. АҚШ-тағы қазақ диаспорасы Қазақстан Республикасы қазақтарының АҚШ азаматтарымен жасалған этникааралық некелерінің, сондай-ақ америкалық өкіметтің Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен мамандарына осы елде тұрып, қызмет ету мүмкіндігін беруі арқасында өз қатарларын толықтырып отырады.

 

ИРАН

Қазіргі уақытта қазақ диаспорасы әртүрлі мәліметтер бойынша Гор-ган, Бендер-Туркмен және Гүлістан провинциясының Гомбад қалаларында тұратын 10-нан 15 мыңға дейінгі адамды құрайды. Ирандағы диаспора негізінен өткен ғасырдың 20-30-жылдары, КСРО-да ұжымдастыру, мал мен астық қорын тәркілеу процесі басталған кезде қалыптасқан. Олардың көпшілігі – Маңғыстау облысы аумағынан келгендер. Ирандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің жәрдемімен 59 отбасы арнайы авиарейспен тарихи отандарына көшіп келді.

 

ПӘКІСТАН мен АУҒАНСТАН

Пәкістан Ислам Республикасындағы қазақ диаспорасы Сайлау Батыршаұлының мәліметтері бойынша 1600 адамды құрайды. М.Тәтімов олардың саны 3 000 адам деп есептейді, Г.Меңдіқұлованың мәліметтері бойынша олардың саны 5 000 адам. Пәкістандағы қазақ ұлты негізінен басқыншы Кеңес армиясынан қашқан ауғандық қазақтардан тұрады. Пәкістаннан келген репатрианттар өмір сүруге қажетті қаражатсыз қалғандықтан Елшілік олардың тіршілік етуіне көмектесудің барлық мүмкіндіктерін жасады. 1998 жылы Қазақстанға Ауғанстаннан келген босқындардың көп бөлігі (230 адам) жіберілді. 1999-2000 жылдары тағы 573 қазақ оралды. Ауғанстанда 21 000 қазақ бар. Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясының ақпаратына сәйкес 374 адам тарихи отанына оралуға тілек білдірген. Ауған қазақтарының көбі сауатсыз, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ. Ауғаныстан қазақтарының тарихы, этнографиясы, тілі мен діні, жалпы тыныс-тіршілігі жүйелі түрде зерттелмей келеді.

Терминдер сөздігі

Босқындар – сөздің бастапқыдағы мағынасы: өз елін, жұртын қандай да бір келеңсіз жағдайға байланысты қалдырған адамдар, мысалы, соғыс, ашаршылық, жұт, стихиялық бәле және т.б.

Диаспора –грек сөзінен шыққан,белгілі бір халықтың (этникалық қауымның) біраз бөлігінің өз елінен тыс өңірге орын тебуін білдіретін ұғым. («шашыраңқы» немесе «елінен, жерінен ажыраған»).

Кордон- шекара күзеті болатын жер.

Конвенция – халықаралық келісім, қандай да бір арнайы мәселемен мәмілеге келу.

Миграция – халықтың қоныс аударуы, қозғалысы; халықтың ел ішіндегі ішкі көші-қоны; халықтың бір елден екінші елге қозғалысы, сыртқы көші-қоны.

Отан- туған ел, атамекен. Адамның туған жері: сол халықтың тарихи аумағындағы оған жағатын табиғат, халқы, тарихи даму ерекшеліктері, тілі, мәдениеті, тұрмысы және өнегелігі.

Оралмандар – Қазақстан Егемендігін алмай тұрғанда өзге мемлекеттің территорясында тұрған қазақ ұлтының азаматтығы жоқ шетелдектер, енді Қазақстан жеріне тұрғылықты тұру мақсатымен келгендер.

Репатриация- әскери тұтқындарды, босқындарды, эмигранттарды туған еліне қайтару.